Алдағы жаз айларындағы еңбек демалысын шетелде өткізсек деп отырмыз. Осы ретте қандай жайттарға назар аудару керек?
Елдар Қожанбаев, Алматы облысы
Осы орайда Қазақстан азаматтарының биылғы демалыс сапарлары сәтті болып, кездейсоқ әрі келеңсіз жағдайлардан сақ болу мақсатында Сыртқы істер министрлігі қарапайым нұсқаулықтар мен кеңестерді дайындаған еді. Жолға аттанар алдында туыстарыңыз бен достарыңызға өзіңіздің сапарыңыз бен баратын жеріңіз туралы хабарлап, байланыс телефондарыңызды қалдыру абзал. ҚР СІМ-нің www.mfa.kz интернет парақшасында берілген баратын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдық мекемесінің телефондарын жазып алу қажет. Баратын елдерде өзіңізге қажетті дәрі-дәрмектердің бар-жоғын алдын ала біліп алыңыз. Кейбір кездерде Қазақстанда оңай сатып алуға болатын дәрілерді шетелде шығара бермейді. Шетелде болатын мерзімге сәйкес дәрігерлік сақтандыру полисін алуды ұмытпаған абзал. Сондай-ақ шет мемлекетте болған кезде жергілікті заңдарын, салт-дәстүрлерін сақтау, баратын елдің қажетті сөз тіркестерін білу саяхатыңызды жеңілдетеді. Паспорт пен ақшаны қауіпсіз жерде сақтау қажет. Жеке басыңызды куәландыратын және ҚР азаматтығына қатыстылығын айғақтайтын құжаттардың көшірмесін жасап алған жөн. Көшірмені түпнұсқадан бөлек сақтау қажет. Консулдық есепке тұрып, туыстарыңызбен пошта, телефон немесе интернет арқылы хабарласуды ұмытпағаныңыз абзал.
Шетелге жазғы демалысқа барған кезде нені ескеру керек?
Последние статьи автора