Мен лицейде мұғалім болып жұмыс істеймін және сырттай оқимын. Таяуда сессия басталады. Сессия кезінде оқуға баратын болсам, өз мамандығым бойынша оқып жатқаным ескеріліп, маған сессия уақытында жалақы төленуі керек пе?
Таңатар ЫРЫСТАЕВ, Қарағанды облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес бiлiм беру ұйымдарында оқып жүрген қызметкерлерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, зертханалық жұмыстарды орындау, дипломдық жұмысты (жобаны) дайындау мен қорғау үшiн оқу демалыстары берiледi.
Оқу демалысына ақы төлеу еңбек шартында, ұжымдық шартта, оқу шартында айқындалады.
Сонымен бірге, Кодекстің 235-бабына сәйкес азаматтық қызметшiлер кәсiптiк бiлiмi мен дағдыларын тереңдету, кәсiптер мен мамандықтар алу мақсатында тиiстi бiлiм беру ұйымдарына жiберiлуi мүмкiн.
Азаматтық қызметшiнiң оқуы, қайта оқуы, тағылымдамадан өтуi, өндiрiстен (жұмыстан) қол үзбей оқу жағдайындағы ғылыми тағылымдамасын қоса алғанда, жiберушi ұйымның қаражаты есебiнен төленедi.
Азаматтық қызметшiнiң оқуы кезiнде оның атқаратын лауазымы, кепiлдiктерi мен өтемақы төлемдерi сақталады.
Бiлiктiлiгiн арттырудан немесе азаматтық қызмет бейiнiне сәйкес келетiн мамандық бойынша қайта даярлаудан өтiп жатқан азаматтық қызметшiлерге ақылы оқу демалысы берiледi.
Сессия уақытында жалақы төленуі керек пе?
Последние статьи автора