Қазіргі кезде отау құруға асықпайтын жастардың қатары көбеюде. Асыл дінімізде бұл турасында тәптіштеп айтылған дейді. Соны қысқа да нұсқа бере аласыздар ма?
Дәурен, Талдықорған қаласы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер адам мен әйелдің кәмелет жасына толғаннан кейін мүмкіндікке қарай тез үйленуін уағыздады. Бұл туралы ол (с.ғ.с) былай дейді: «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіммен амал етпесе, менімен бірге емес. Үйленіңдер, себебі мен қиямет күнінде басқа үмбеттердің қасында сандарыңмен мақтанамын. Кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін». Пайғамбарымыз негізін салған мұсылман құқығы бойынша үйлену парыз, уәжіп, сүннет, харам, мәкруһ, мубах болып алтыға бөлінеді.
• Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынасқа баратыны анық болған адамға үйлену парыз. Бірақ ер кісі әйелінің материалдық (ішіп-жемі, киімі, тұрғын үй, ауырған жағдайда дәрі-дәрмек қаражаты) жағдайы және мәһир (қалың мал) ақысымен қамтамасыз етуі тиіс.
• Үйленбеген жағдайда жыныстық қатынас жасауы мүмкін қаупі бар адамға үйлену уәжіп (керек). Мұндай жағдайдағы еркекке қойылатын шарт – әйелдің мәһир (қалың мал) және материалдық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.
• Үйленгеннен кейін жұбайына жәбір көрсетуі анық белгілі болған адамға үйлену харам (тыйым салынады).
• Ауру болып, үйленгенде бұл ауру жұбайына жұғатын болса немесе жұбайында да ауру болып, үйленгенде бұл ауру еріне жұғатын болса, онда мұндай неке харам болып табылады.
• Жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін болған адамға үйлену мәкруһ (Аллаһ сүймейді).
• Үйленбесе – жыныстық қатынасқа баратын қаупі жоқ, үйленсе – жұбайына жәбір көрсету қаупі жоқ адам үшін үйлену сүннет.
Үйлену мәселесіндегі мұсылман құқығының бұл үкімдері халықты зинадан қорғауға негізделгені анық байқалады. Себебі зина отбасының шаңырағын шайқалтады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бойдақ жігіттерге: «Ей, жігіттер! Сіздердің араларыңыздан кімнің үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Себебі үйлену – көзді және нәпсіні харамнан қорғаушы» деп жастарға зинаға бармастан бұрын үйленуге кеңес берген.
Шамаң жетсе – үйлен!
Последние статьи автора