Даланы әуелеген әнімен тербетіп, ел-жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлаған өнерпаздар қазақта аз болған жоқ. Ән-айтыс, күй десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз оларды алақанға салып аялап, сал, сері атандырған. Қарап отырсақ, Біржанды сал дейміз де, Ақанды сері дейміз. Бұрын бұл жағына онша мән бермеуші едім, енді бүгінде осы екі атаудың мәнісін тереңірек білгім келіп жүр.
Шолпан МҰҚАНҚЫЗЫ, Кентау қаласы
Сал мен сері дегенге, шынында да, бәріміз бірдей секілді қараймыз. Ал шынына келгенде, бұл екеуінің айтарлықтай айырмашылықтары бар. Салдар елдің еркесі болған. Болмыс-бітімі бөлек жаралған салдарды бүгінде, бәлкім, түсіну қиын шығар. Жалпы, сал атауының түп-төркіні кәдімгі сал ауруына қатысты қойылса керек. Себебі салдар, әлгінде айтқанымыздай, еркелігі сонша, ел кезіп жүріп белгілі бір ауылға жетіп қалғанда елді мекенге кірмей, шалқалап жатып алады екен. Қашан ауылдың әдемі қыз-келіншектері келіп, қолтығынан сүйеп әкетпейінше, сал ауруына шалдыққандай, орнынан қозғалмайды екен. Сондықтан «сал келе жатыр» дегеннен жұрт оларды күтіп алатын арнайы адамдарды дайындап, төбелеріне хан көтере күтіп алған. Және де салдар әлем-жәлем, қалай-болса солай киінетін болған.
Ал серілердің табиғаты салдан мүлдем бөтен болыпты. Олар сондай жібек мінезді, сымбатты әрі бойында бірнеше өнерді қатар меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы болса керек. Жолай көрген-білгенін өлең етіп, сұлу қыздарды әніне қосқан, сондай-ақ жүйрік ат, қыран бүркіт ұстап, әдемі сән-салтанатымен жүріпті. Тағы бір айтарлығы, салдар айлап-жылдап ел кезіп кететін болса, серілер жөнімен жүріп, түзде жүрсе де үй-жайын ұмыт қалдырмаған. Ешқашан өтірік сөйлемеген. Осы талаптардың барлығына сәйкес келген жанды ғана қазақ сері атандырған.
Сал мен серінің айырмашылығы неде?
Последние статьи автора