Негізі, тез жұғатын аурудың бірі – қышыма. Осы аурудан қалай құтылуға болады, одан сақтанудың жолдары бар ма?
Шоқан, Оңтүстік Қазақстан облысы
Бұл сұраққа Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты тері-венерология кафедрасының меңгерушісі Гүлсім АСҚАРОВА жауап береді:
– Қышыма қотыр (чесотка) терінің жұқпалы ауруы. Оны тарататын қоздырғыш – қышыма қотыр кенесі. Ол адамның терісіне жұққан бойда өзіне орын «қаза» бастайды. Ұрғашысы сол өзі «мекендеген» тұсқа жұмыртқа салады. Үш-төрт күннен кейін онысы құртқа (личинкаға) айналады. Қышыманың алғашқы белгілері: дененің кей тұсы бой бермей дуылдап кышиды, үстін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Осындай белгі сезілді дегенше, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Одан сақтанудың ең басты жолы тазалық. Апта сайын суға түсіп, ішкиімді жетісіне бір ауыстырып тұру шарт. Әсіресе біреудің киімін киюден аулақ болған жөн. Қышыма қотырға шалдыққан адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орны, тұтынатын заттары басқалардікіне араластырылмайды. Оларды кез келген ұнтақ сабын қосылған, сақылдап қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Қышыма қотырмен күресте дәрігерге уақытында көріну де, дер кезінде тыңғылықты емделу де, науқастың тұтынған заттарындағы паразиттің көзін жою да маңызды.