Қазір екінің бірі өзіне қажет кітапты ұялы телефонына, не болмаса планшетіне жүктеп алып, қолы қалт еткен уақытта оқи береді. Технология дәуірі дүрілдеп тұрған заманда бұған таңғалудың да қисыны жоқ. Дей тұрғанмен, Ислам дінінің ең негізгі қасиетті кітабын қалта телефонына жүктеп алып, кез келген жерде дәретсіз оқу қаншалықты дұрыс? Жалпы, осы мәселеге қатысты дін мамандары не дейді екен?
«Компьютер, планшет не ұялы телефон секілді электронды құралдарға жүктелген Құранның нұсқасын дәретсіз ұстауға әрі оқуға болады. Өйткені, бұл жерде адам қолы Құранға емес, әйнекке тиеді. Бірақ жүнүп, хайыз және нифас кезінде Құран жүктелген бұл құралдарды ұстауға болғанымен, ішіндегі Құран аяттарын ашып оқуға рұқсат жоқ.
Осы жерде кейбір адамдарда «Құран жүктелген ұялы телефонмен дәретханаға кіруге бола ма?» деген де сұрақ туындап жатады. Бұл жағдайда «кіруге болмайды деген еш тыйым жоқ», тек экран бетінде Құран аяттары ашық тұрмағанына назар аударыңыз», - деп кеңес берді дінтанушы Абдусамат Қасым.