Қосымша атқарған жұмысқа қосымша ақы қалай төленеді?
Мен емханада мамандығым бойынша психотерапевт болып жұмыс атқарамын. Таяуда емхана басшысы маған қосалқы қызмет ретінде 0,5 бірлікпен психиатор қызметін қоса атқаруды тапсырды. Алайда қоса атқарған жарты бірлік қызметім үшін маған 30 пайыз ғана үстеме төлеп отыр. Осы заңды ма? Қосымша атқарған қызметім үшін мен қанша үстеме ақы алуым керек?
Зәйгүл ЖҰМАШЕВА, Шығыс Қазақстан облысы
Сарапшы мамандардың айтуына қарағанда, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысымен (бұдан әрі – Қаулы) реттеледі.
Қаулыға 19-қосымшада мамандарға, қызметшілерге және жұмысшыларға лауазымдарды қоса қызмет атқарғаны (қызметтер көрсету аясы кеңігені) үшін қызметкердің лауазымдық жалақысынан 50 %-ға дейінгі мөлшерде қосымша ақы белгіленген.
Көрсетілген қосымша ақы мекемелердің басшыларына, олардың орынбасарларына қолданылмайды.
Бұл ретте, қосымша ақы барлық қызметкерлерге белгіленуі мүмкін.