Қоян бағу қой бағудан қиын емес
Үй қояндары өсімтал әрі тез жетілетін және көп шығынды қажет етпейтін болғандықтан, үйімде қоян өсірсем бе деп едім, бірақ ешқандай хабарым жоқ. Қалай бастасам болады?
Қожагелді БАЙКЕНОВ, Қостанай облысы
Үй қояны етті, етті-терілі және түбітті тұқымдарға бөлінеді. Етті қояндар жақсы азықтандырған жағдайда тез ет алып, салмағы 5-6 келіге жуықтайды.
Қояндардың көжектеуіне бір апта қалғанда оларды бөлек торда ұстап, астына сабан немесе ағаш жаңқасын төсеу қажет. Top жоқ болған жағдайда ұрғашы қоян ұя жасай бастайды, оған өзінің бауыры мен төсінен жұлып алған түбітін төсейді. Көжектеу алдында және көжектеген соң да ыдыста су болуы керек.
Өйткені аналық қоян осы кезеңде шөліркейді, ал су болмаған жағдайда өз төлін жеп қоюы ықтимал. Қоян көбіне түнде көжектейді және оның көжегінің саны 1-ден 14-ке дейінгі аралықта болады. Өлі және әлсіз көжектерді бөлек алу керек. Көжектер сегізден көп болса, оларды кезектестіріп, 6-8-ден емізуге қалдырған жөн. Егер ұрғашы қоян көжектерді бытыратып, таптай бастаса және өзін тынышсыз ұстаса, оны аталық қоянмен шағылыстыру керек. Көжектер 40-80 грамнан аспайтын қызылшақа және соқыр болып туады. 10 күннен соң көзін ашып, бір айдан соң тістері түгел шығып болып, анасының сүтін қажет етпейтін жағдайға жетеді. Қоянның негізгі азықтары: шөп, пішен, тамыр түйнек жемістер, ас пен бақша дақылдарының қалдықтары, сәбіз, қызылша, асқабақ. Ac қорытуы бұзылғанда шөп беруді азайтып, қандағаш пен еменнің бұтағын беру пайдалы. Ең сапалы терілер күз-қыс айларында алынатындықтан, қояндарды жаппай сою қараша айында жүргізіледі. Союдан кейін іле-шала көзін ойып алады, артқы аяғынан іліп қояды да, қаны әбден ағып кеткен соң, терісін іреп, сыпырып алады.