Қазақстанның Туында ғана жанды бейне бар
Дүбірлі спорттық жарыстарда көптеген елдердің мемлекеттік тулары желбірейді. Кейбіреуін ажырату қиын. Әлемдегі ұқсас туларды қалай ажыратамыз?
Арман БАЯХМЕТ, Шығыс Қазақстан облысы
Әлем елдері арасында мемлекеттік тулары арасында ұқсас мемлекеттер бар. Мысалы, еуропалық елдердің басым көпшілігінің мемлекеттік жалаулары үш жолақты келеді. Үш түсті жолақтар кейбірінде тігінен орналасса (Франция, Италия, Ирландия, Бельгия, Румыния, Молдова, т.б.), енді бірінде көлденеңінен (Германия, Нидерланды, Болгария, Словения, Ресей, т.б.) тұрады. Сонымен қатар солтүстік еуропалық елдердің жалауларына айқыш белгілер тән болып келеді. Тек түстерінде ғана айырмашылықтар бар Скандинавия (Финляндия, Швеция, Дания және Норвегия) елдерінің тулары сол мемлекеттердің бір-біріне жақын екенін көрсетеді. Ал ұқсас байрақтарға келер болсақ, Ирландия мен Италияның туларын бір-бірінен ажырату қиынырақ. Италия жалауында (солдан оңға қарай) жасыл-ақ-қызыл болса, Ирландия жасыл-ақ-қызғылт-сары түстерді таңдаған. Осындай ұқсастық Оңтүстік Америка құрлығын мекендейтін Аргентина мен Уругвайда да бар. Аргентинаның жалауында күннің бейнесі орта тұсында, ал Уругвайдың туында сол жақ бұрышында бейнеленген. Егер АҚШ, Либерия және Малайзияның байрақтары алыста желбіреп тұрса, ажырата алмауыңыз мүмкін. Себебі аталған мемлекеттердің туларында қызыл-ақ көлденең жолақтар бар. АҚШ-тың жалауында Құрама Штаттарды бейнелейтін 50 жұлдызша болса, Либерияда үлкен бір жұлдыз, ал Малайзияның туында ай мен шоқжұлдыз орналасқан. Егер әлем елдерінің мемлекеттік туларын қарап шықсаңыз, ең әдемі, мәнді және жанды бейне салынған тек Қазақстанның ғана мемлекеттік байрағы екенін байқайсыз.