Қазақстандағы медицинаның өркендеуіне аса зор үлес қосқан дәрігер
Алматыдағы жүрек ауруларына операция жасайтын клиниканың «Сызғанов институты» деп аталуының себебі неде?
Ақмаржан АХМЕТОВА, Қарағанды
Александр Николаевич Сызғанов (1896-1980) хирург, медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының академигі, Қазақстан ғылымдарын еңбегі сіңген қайраткер. Ол 1922 жылы Қазан университетін бітірген. 1922-34 жылдары сол университетте хирургия кафедрасының ассистенті, 1934-63 жылдары Алматыдағы медициналық институттың жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі және сонымен бірге Клиникалық және экспериментальді хирургия институтының директоры (1945-75) болды. 30-шы жылдары зоб ауруларын болдыртпау мақсатында тұзды йодтау жөніндегі жұмысты басқарған.
Туберкулез, онкологиялық және кардиологиялық ауруларға операциялар жасаудың, республикалық онкологиялық диспансер ашуды ұйымдастырушылардың бірі болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында республикалық қан құю стансысын жолға қойған. 150-ден аса ғылыми жұмыстардың, төрт монографияның авторы. Үш рет Ленин орденімен және басқа да ордендер мен медальдармен марапатталған. Сызғанов атындағы көше бар және Қазақтың клиникалық және экспериментальді хирургия институты Сызғановтың атымен аталады.