Қазақ жерінде қоқандықтар мен хиуалықтардың бекіністері болған ба?
Қазақ жерінде хиуалықтар мен қоқандықтардың әскери бекіністері болғаны жайлы аз айтылады. Сол бекіністерді жоюда сүбелі ерлік көрсеткен Жанқожа Нұрмұхамедұлы жайлы білгім келеді.
Ризақұл, Алматы қаласы
1808-1814 жылдар аралығында Ташкент пен Түркістан басып алған қоқандықтар 1818 жылы Ақмешіт бекінісін Сырдарияның оң жағалауына көшірді. Ақмешіт бірте-бірте сауда керуен жолдары үстіндегі қазақтардан салық жинайтын аса ірі әскери бекіністердің біріне айналды. Сол тұста Хиуа хандығы да қарап жатпай, 1835 жылы ол Қуаңдария өзені бойында Құртөбе әскери бекінісін салды. Ал Сырдария өзенінің сол жағалауында Қожанияз және Жаңақала әскери бекіністері бой көтерді. Мысалы, 1847 жылы Хиуаның 1500 сарбазы қазақтардың мыңнан астам шаруашылығын талқандап кетті. Бір жыл өткен соң 2500-ден астам отбасы тап осылай ойрандалып, тонауға ұшырады. Осындай басқыншылық әрекетке Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақ қолы қарсы шықты. 1835 жылы ол Хиуаның Бабажан бекінісін шауып алды. 1836 жылы Жанқожа жауынгерлерімен бірге Хиуа әскерлеріне қарсы күреске шығып, олардың ірі бекініс қамалы – Бесқаланы тас-талқан етіп қиратты. 1843 жылы Жанқожаның жасағы Хиуаның Қуаңдариядағы бекінісінің де тас-талқанын шығарды, ал 1845 жылы Хиуаның құрамында 2 мың сарбазы бар ірі жасағын ойсырата жеңді.