Қасым тағдыры – ақындарға ортақ тағдыр
Қасымның баспанасыздығы туралы әңгіме көп. Ақын, шынымен, баспанасыз болған ба?
Жанат ЖАҚСЫЛЫҚ, Павлодар
Қасымның баспанасыздығы туралы, жалпы, қазақ қаламгерлерінің үйсіз-күйсіз тірлігі туралы ел аузында қауесет әңгіме көп. Қасым бұл туралы өзінің жырларында да, күнделіктерінде де айтып кетеді.
«Үйіміз Алматының шығыс жақ шетінде, таудың нақ етегінде, бір кезде Жазушылар союзының дачасы, кейінірек Қазақ драма театрының жатақханасы болған үйлердің бірінде болатын. Орталықтан алыс, қараңғы, тар, лас көшені «Городская» деп атайтын. Сол көше, 69-үйде бір корпуста, бір бөлме (басқа түгі жоқ) үйде менің семьям тұрады. (Бұл жерде енді қанша тұрармыз, кім біледі)... Мен квартира алам деп титықтағаныма он жылдан асты. Бермейді, не қыласың. Қалалық совет пен квартбюродағылар сенің ақындығыңды қайтсін, арақ дүкенінің сатушысы болсам, онда, мүмкін, есептесер еді. 1946 жылы ең болмаса күрке салып алайын деп қолайлы жер сұрадым. Төрт ай жүріп жауап алдым. Бір оңбаған «инженер» – саудагер жерді маған зират жақтан (!) ұсынды. Кімге айтарсың? Сондай сұмдардың соңына түсіп жүруге уақытым бар ма?» деп назаланады Қасым өз күнделігінде.
Ал 1949 жылы Алматы қаласының Виноградов көшесінен, №29 үйдің екінші қабатынан пәтер беріледі. Өкінішке қарай, ақын үйі кейіннен қиратылды...