Теледидардан Алматыда қарақұрттың көбейгені жайлы естідім. Қарақұрт шаққанда не істеу керек? Ол адам өміріне қауіпті ме?
Дариға ЕСІРГЕПҚЫЗЫ, Алматы
Қажығали Кардасинов, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы» РМҚК мамандары:
– Қарақұрт – уы белсенді жәндік. Ол далалы, шөл-шөлейтті жерлерде мекендейді. Қарақұрттың уы жылан уынан 15 есе күшті. Қарақұрт – өрмекші тәріздес жәндік. Ұрғашысының үлкендігі 1,5-2 см, еркегі 1 см шамасында. Құрсағы дөңгелек пішінді, қара түсті. Арқасында қызыл дақтары болады. Қарақұрт шаққанда орны қатты ауырады, ауырғаны бүкіл денеге тарап, аяқ тартылады. Адамның басы ауырады, жүрегі жиі соғып, ентігеді, тілі күрмеледі, құсады, терлейді, сандырақтайды, есінен танады. Тіпті өліп кетуі мүмкін.
Удың таралуының алдын алу үшін уды сорып тастап, шаққан жерін сіріңкемен қүйдіру (шаққан бетте) керек. Қарақұрт уына қарсы сарысуды енгізу қажет.
Сақтық шаралары:
– Далаға түнегенде жерге ұйықтамаңыз.
– Егер қарақұрт шақса, орнын сіріңкемен күйдіріңіз.
– Қарақұрт шаққанда ішімдік ішпеңіз. Ішімдік пен у қосылады да нерв жүйесіне әсер етіп, адам естен танады. Мұндай «коктейл» адамның тыныс алуын ауырлатып, адам өліп кетуі мүмкін.
– Қарақұрт шаққаннан кейін 40 минут пен 2 сағат арасында адамның жүріп-тұруына жауап беретін арқаның бұлшық еттері босаңсиды. Яғни ол өз бетімен жүре алмайды. Сондықтан зардап шеккен адамды тез арада медициналық мекемеге жеткізу керек.
Дерек
Қарақұрт шаққанда, жылқы, сиыр, шошқа – 4 күнде, ал түйе 8 күнде өледі, қой мен ешкіге қарақұрт уы дарымайды екен. Қой қарақұртты жеп қоятын көрінеді. Сондықтан бұрын қарақұрт көп болатын жерлерге қой мен ешкіні бағатын болған.
Қарақұрт шаққанда не істеу керек?
Последние статьи автора