Қанша уақыт ұйықтау керек?
Жастау кезімде бірнеше күн қатарынан ұйықтамай жүре беретін едім. Қазір ұйқышыл болып кеттім. Тіпті тәулік бойы төсектен тұрмай жата беруге бармын. Негізі, ұйқының қалыпты мөлшері қандай болуы керек?
Орынгүл НҰРТАЗА, Алматы
Ұйқының мөлшері туралы әркімнің ұғымы әртүрлі. Ұйқысын біреу түнде, біреу күндіз қандырғанды жөн көреді. Дегенмен мамандар стресc пен күні бұрын қартаюдан, тұмаудан, тіпті онкологиялық аурулардан қорғайтын гормон – мелотиннің тәуліктік мөлшерінің 70 пайызы түнде өндірілетіндігін ескертеді. Аталмыш гормонның мөлшері түн ортасынан бастап таңғы сағат 4-ке дейін мейлінше артатын көрінеді. Мелотин – ДНК мен клеткаларды, тканьдерді бұзып, қатерлі ісік пен жүрек ауруларының өршуіне жол ашатын бос радикалдарды жұтып қоятын өте күшті табиғи антиоксиданттардың бірі.
Америкалық ғалымдардың зерттеулері ұйқы мөлшерінің 2 сағатқа кемуі орта есеппен 500 килокалорияның артық түзілуіне алып келетіндігін көрсеткен. Яғни ұйқысы қанбаған, уақытымен тынығып, күш жинамаған адам күш-жігерді сырттан, әдетте, тамақтан алуға тырысады. Егер үнемі осылай қайталана беретін болса, әрине, бұл салмақтың ұлғаюына алып келеді.