Қандай заңға сілтеме жасауыма болады?
Бұрын 17 жыл вагон жөндеу депосында қызмет етіп, кейін басқа мекемелерде 15 жылдай қызмет еттім. Қазір сол вагон жөндеу депосына қайта жұмысқа орналасқаныма бір жыл болды. Енді еңбек демалысына шықпақшымын. Осы тұста білгім келгені – бұрын осы аталған мекемеде 17 жыл жасаған еңбек өтілім ескеріліп, еңбек демалысының ақысына үстеме қосыла ма? Егер қосылса, қандай заңға сілтеме жасауыма болады?
Дәулеткерей Рымханов, Шығыс Қазақстан облысы
ҚР Еңбек кодексінің 121-бабына сәйкес, қызметкердің айлық жалақысының мөлшері қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді. Осы кезеңге белгіленген жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) орындаған қызметкердің айлық жалақысының мөлшері Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға тиіс. Бұл ретте, жалақы тағайындау кезінде мамандық бойынша атқарылған еңбек өтілі негізінен бюджет қаражаты есебінен ұсталатын мекемелердің қызметкерлеріне қатысты тағайындалады. Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 122-бабының 4-тармағына сәйкес, бірінші разрядты қызметкердің еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарында және жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төменгі мөлшері немесе айлық тарифтік ақының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық «Бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық жалақының ең төменгі мөлшерінен кем болмауға, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандартынан кем болмауға тиіс.