Қандай атаулы әлеуметтік көмек түрлері бар?
Мен бала күтімінде отырмын, ал жолдасым жұмыссыздар тізімінде тұр. Менің білгім келгені, маған қандай әлеуметтік көмек берілуі тиіс?
Бағдагүл, Қызылорда облысы
Сарапшы маманның айтуына қарағанда, «Қазақстан Республикасының балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63 Заңына сәйкес, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері бір айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни ағымдағы жылы бұл 1731 теңгені құрайды. Бұдан басқа, белгіленген кедейлік шегінен отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола аласыз. Бұл көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде есептейді. Бұдан басқа, облыс, қала және аудан әкімдері, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыларына өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген.
Осыған орай, аталған мәселелермен сізге тұрғылықты жеріңіздегі әкімдікке, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңыз қажет.