Қағаз тиынды нумизматтың қоржынынан табасыз
Төл теңгемізбен бірге тиынның да шыққаны белгілі. Естуімше, бастапқыда айналымда қағаз тиындар жүрген көрінеді. Сонда неліктен тиындар қағаз түрінде шығарылды екен?
Маржан Айдосова, 7-сынып оқушысы
Теңгемен бірге айналымға алғашында қағаз тиынның шыққаны рас. Мамандардың айтуынша, қағаз тиын бұрыннан қалған көне құрал-жабдықта басып шығарылған және оған ақша басуға жарамсыз «кеңес қағазы» қолданылған. Сондықтан қағаз тиынның сапасы нашар еді. Қолдан-қолға өтіп жүргенде, тез жыртылып қалатын. Ол кезде көбіне 1, 2, 5 және 10 тиындар көп басылды. 50 тиын аз көлемде шығарылды. Қағаз тиынды кейінірек металл тиынмен ауыстыру жоспарланған болатын. Сөйтіп, металл тиындар жұрттың қолына жеті-сегіз айдан кейін бір-ақ тиді.
Қазір шақа жинайтындар арасында сол қағаз тиынды бағалайтындар көп. Әсіресе сирек кездесетін 50 тиындық банкнотқа қызығушылық бар.