Поп-корн көп-көрім зиян екен
Қазір поп-корн сатылмайтын сауда орындары кемде-кем. Тіпті кинотеатрлар мен ойын-сауық мекемелерінің өзінде де жұрттың бәрі поп-корн көтеріп жүруді әдетке айналдырыпты. Оны өзім де жақсы көремін. Бірақ америкалықтардың, негізінен, поп-корннан семіргендігін жаңалықтардан естіп қалғаным бар. Сонда оның несі зиян? Былай қарасаң, кәдімгі жүгері дақылынан жасалған емес пе?
Айжанар ДӘЛЕЛХАНҚЫЗЫ, Талғар қаласы
Диетолог-дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, дәнді-дақылдардың өзі денсаулыққа пайдалы. Соның ішінде жүгері амин қышқылдары мен талшықтық қабыршықтарға, А, Е, В дәрумендері мен қан құрамын байытатын микроэлементтерге өте бай. Алайда неғұрлым көбірек өңделген сайын заттың құрамындағы пайдалы нәрселер соғұрлым азаяды. Бұл поп-корнның дайындалу барысына да қатысты, яғни жүгері дәндері әуелі тазаланып алынады да, сосын өте жоғары температурада қыздырылады. Сондықтан да поп-корнды шамадан тыс мөлшерде пайдалану дененің толысып кетуіне, тіпті, зат алмасу процесіндегі қолайсыздықтарға ұрындыруы ықтимал.