Пластикалық бұйымдарды ұқсататын кәсіпорындар бар ма?
Қазір Алматы қаласының кез келген бұрышында пластикалық бөтелкелер, ыдыстар шашылып, қоқыс-қалдықтарды көбейтуде. Білейін дегенім, біздің елде осы пластикалық бұйымдарды өңдейтін зауыттар немесе кәсіпорындар бар ма?
Арсен ЖАРЫЛҒАПОВ, Алматы қаласы
Оқырман сауалына орай айтарымыз, біздің елде пластикалық өнімдерді өңдейтін шағын цех әзірге тек Қостанай облысында ғана бар. Бұл цехта пластикалық ыдыстар, бөтелкелер өңдеуден өтіп, тауарлар сауда нарығына шығарылады. Жерге төсейтін брусчаткалар, ғимараттың сыртын қаптауыштар және басқа да көптеген дүниелер цехта қазір тек үлгі ретінде дайындалып жатыр. Негізі, бұл цехта өндіріске қойылған тауар түрі – канализация қақпақтары. Сапасы жағынан оның шойын қақпақтан айырмасы аз, 10 тоннаға дейінгі салмаққа төтеп береді. Ал тиімділігі жағынан алсақ – салмағы жеңіл, бағасы арзан. Цехтың өндірістік қуаты бір айда 10-15 тоннаға дейін пластикалық қалдықтарды өңдеуге жетеді. Цехта шикізат есебінде полиэтилен қапшықтары мен пластикадан жасалған барлық бұйымдар пайдаланылады. Олар қоқыс төгілетін орыннан, түрлі кәсіпорындардан әкелінеді. Белгілі бағасына жекелеген тұлғалар да тапсырады. Жалпы, «мұндай кәсіпорын үшін шикізат тапшылығы болмауы тиіс» дейді цех мамандары.