Пеле деген лақап ат қайдан шыққан?
«Футбол королі», ХХ ғасырдың ең үздік ойыншысы Пеленің шын аты – Эдсон Арантес ду Насиминто. Әлем жанкүйерлері оны не себептен Пеле деп атап кеткен?
Ержан Рахат, Жамбыл облысы
Үш дүркін әлем чемпионы Эдсонға Пеле деген лақап аттың қайдан келгені туралы сан түрлі болжам бар.
Біріншісі. Бала күнінде кезекті матчтардың бірінде ойнап жүрген Эдсонның қолы байқаусызда допқа тиіп кетеді. Кездесуге қазылық етіп жүрген тегі түрік төреші Пеле (ақымақ деген мағынада) деп, бала Эдсонға айғайласа керек. Осыдан соң оның Пеле атануы әбден мүмкін.
Екіншісі. Пеле туып-өскен Минас Жейранс аумағына танымал Беле есімді футболшы болған. Эдсон оның атын дұрыс айта алмай, Пеле деп кеткен деген болжам бар. Әйгілі футболшының лақап аты бір деректер бойынша осылай пайда болған.
Үшінші. Бразилиядағы көше футболы Пелада деп аталады. Көше футболынан қанаттанған жарық жұлдыздың есімі осы атаумен де тығыз байланысты болуын мамандар жоққа шығармайды.
Бір қызығы, Пелені ата-анасы өмір бойы Дико деп атаған.