Нүктелерді тап басу не береді?
Естуімше, табандағы бір нүктені уқалау арқылы мидың жұмысын жақсартуға болатын көрінеді. Жалпы, осындай нүктелік массаждардың пайдасы жөніндегі әңгіме қаншалықты рас?
Айша ҒАЛЫМЖАН, Кентау
Шынымен де, адамның табаны мен алақанында дененің кез келген мүшесіне әсер етуге болатын емдік нүктелердің жетіп-артылатынын рефлексотерапевт дәрігерлер растайды. Мысалы, өкшеде жүрекке ықпал ететін нүктелер бар. Ежелгі Қытайда адамды өкшесінен ұрып жазалау тәсілі болыпты, яғни солай істегенде оның жүрегі тоқтап қалатын болған. Ал аяқтың бас бармағы бас үшін жауап берген. Демек, оған массаж жасау арқылы бас пен тіс ауруын бәсеңдетуге, беттің бұлшық етінің ширығуын азайтуға болады.
Ал миға жауапты аймақ қолда, нақтырақ айтқанда, сұқ саусақтардың тырнаққа таяу тұсында орналасқан. Сол маңайды қатты басып тұрып уқалау бастағы қан айналымын жақсартады. Бұдан ақыл-ой қабілетінің арта түсетіні анық.