Мына ыстықта шөлді қалай басамын?
Қатты ыстықта шөлдей беремін. Тіпті, жұмыс істей алар емеспін. Шөл қандыру үшін қандай сусын ішкен дұрыс?
Жанат ХАСЕНОВА
Мамандардың айтуынша, шөлді салқын су (10-13 градус) жақсы басады. Минералды су болса, тіпті жақсы. Себебі ол ағзаны қажетті тұздармен қамтамасыз етеді. Әншейін суға да аздап тұз қосып (1 литрге – 1/2 шай қасық ас тұзы) ішуге болады. Өйткені тұз адам денесінде ылғалды көбірек ұстап тұрады. Салқын кезде күніне 2 литр су (өзге де ас құрамындағы суды қосқанда) ішсе де, жетеді. Ал ыстық кезде бұл норма 1,5 есе көбеюі тиіс.
Алайда кейбіреулер жай судың орнына тәтті сусынға құмартып тұрады. Бұл орайда кәдімгі квастың пайдалы екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ қара шай мен көк шайдың да екі-үш сағатқа дейін шөлдетпейтін қауқары бар. Кейде шай немесе су ішуге де мүмкіндік болмайды. Әсіресе көшеде жүргенде. Мұндайда лимонад пен газды суларға жүгіретініміз рас. Алайда олардың тәтті-қышқыл, табиғи қант қосылған түрлері ғана шөлді аздап басады. Қант орнына қолданылатын қоспалардың одан сайын шөлдететінін ұмытпаңыз. Дәрігерлер жазғы аптапта асқазан-ішек науқасына шалдыққан адамдарға газды су ішуге болмайтынын ескертеді.
Шырын арқылы шөлді басу үшін оған су қосқан жөн. Әсіресе қарақат, алма, шиеден жасалған морс пайдалы. Сүт өнімдерінен құрамында майы аз айран секілді сусындарды ішкен дұрыс. Ал сүт ыстық кезде ағзаға жақсы сіңбейді, шөлді де баспайды.
Бірақ тым көп су ішкенде жүрек пен бүйрекке салмақ түсетінін ескерген жөн. Әрі суды көп ішкен сайын адам терлегіш келеді. Біреу қуып келе жатқандай қылқылдатуға да болмайды. Асықпай ішкен сусын шөлді жақсы басады. Тым суық күйінде сіміруге де асықпаңыз. Өйткені шыжыған шілдеде де суық тигізіп алу оп-оңай.