Мүгедектер арбасы тегін берілуі керек пе?
Қызым – ІІ топтағы мүгедек. ІІ топтағы мүгедектерге арналған арбаны тегін беру керек деп естіген едім. Алайда жергілікті мамандар: «І топтағы мүгедектерге ғана тегін береміз, ІІ топтағылар өздері сатып алуы керек», – дейді. Осы заңды ма? Айсұлу ДҮЙСЕНБАЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Бұл сауалға Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің эксперті Раушан Көшкімбекова жауап береді:
– I және II топтағы мүгедек адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті жердің бюджет қаражаты есебінен міндетті гигиеналық құралдарды тегін беру жергілікті жердің атқарушы органдары белгілеген мерзімге байланысты жүзеге асырылады. Бұдан басқа протездік-ортопедиялық бұйымдар, сурдо-тифло құралдар, мүгедектер арбасы, санаторийлік-курорттық жолдамалар тегін беріледі. ІІ топтағы мүгедектер кресло-арбаны өздері сатып алуы керек деуі – заңсыз. Сондықтан жоғарыда аталып кеткен көмектер туралы мәселені қарау үшін сіз тұрғылықты жеріңіз бойынша уәкілетті органға баруыңызға болады.