Моңғолша күресіп көрдіңіз бе?
Кішкентайымда күреспен айналысқанмын. Бірақ белдесу өнерінің небір түрлерін білсем де, моңғол күресі де бар дегенді жақында ғана естіп жатырмын. Оның басқа күрестен не айырмашылығы бар? Қай елдерде кең таралған?
Нұрлан БЕРМҰХАМЕДОВ, Алматы қаласы
Моңғол күресі — (монг. Бөх, бөхийн барилдаан) моңғол халқының ұлттық күресі. Моңғолия, Бурятия мен Тываға жақсы тараған.
Күрестің бұл түрінде әртүрлі әдістер қолданылады. Палуандарға ерекше күрес киімі кигізіледі: басы қайырылған ұлттық етік – «моңғол гутал», шолақ шалбар – «шуудаг» және жеңі бар өзіндік көкірекше (зелетке), бірақ кеудесі ашық келген – «зодог».
Моңғол күресінің өз жоралары, ережелері және өзіне тән ерекшеліктері бар: Бұрындары белдесулер уақытпен шектелмейтін (қазір шектелетін болды), салмаққа қарамайды, күрес ашық алаңда өте береді. Жеңімпазды анықтауда қайсысының қолынан басқа дене мүшесі бірінші жерге тисе, сол палуан жығылады. Әр палуанның жеке көмекшісі (секунданты) болады. Оны «засуул» деп атайды. Алысып болғаннан кейін жеңілген палуан жеңімпаздың көтерілген оң қолының астынан өтуі керек. Бұл – оның өзінің жеңілгенін мойындағанының белгісі. Ал жеңімпаз болған спортшы дәстүрлі бүркіт биін билейді.