Мен мектепте медициналық қызметкер болып жұмыс істеймін. Таяуда еңбек демалысына шықтым. Бірақ мектеп директоры маған «бір айдан соң жұмысқа шығасың» деді. Осы дұрыс па? Медициналық қызметкердің еңбек демалысы қанша күн болуы тиіс?
Феруза ЫСҚАҚОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі – кодекс) 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтiзбелiк 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.
Кодекстің 102-бабына сәйкес, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерге ұзақтығы кемiнде күнтiзбелiк алты күн болатын жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалыстары берiледi.
Яғни қосымша демалыс лауазымдары мен кәсіптері Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 31 шілдедегі №182-ө бұйрығымен бекітілген Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, еңбекақының жоғары мөлшеріне және жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысына құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті жұмыстардың тізбесіне енгізілген қызметкерлерге беріледі.
Аталған тізімде денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру ұйымдарының және демалыс үйлерінің дәрiгерi, орта, кiшi медициналық қызметшiлерiнің лауазымдары аталған, оларға қосымша 12 күн ақылы қосымша еңбек демалысы беріледі.
Осыған орай, сізге 42 күндік еңбек демалысы берілуі тиіс.
Мектеп медбикесінің еңбек демалысы қанша күн?
Последние статьи автора