Директор мен құрылтайшы арасындағы толық жеке материалдық жауапкершілік туралы келісімшарт үлгісі бар ма? Ондай үлгі болмаса, келісімшартты қалай түзеу керек?
Мамыр КАРИБАЕВ, Шымкент қаласы
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда материалдық жауапкершілік туралы келісімшарттың бекітілген үлгісі жоқ. Дегенмен жұмысы мүлік пен құндылықтарды сақтаумен, өңдеумен, сатумен (өткізумен), қолданумен не оларды басқаша пайдаланумен байланысты лауазымдар мен жұмыстардың тізбесі, сондай-ақ толық материалдық жауапкершілік туралы үлгілі келісімшарт ұжымдық шартта (болған жағдайда) не жұмыс берушінің актісімен бекітіледі. Шартта тараптардың міндеттемелері, келтірілген зиянды өтеудің негіздемелері мен тәртібі және басқа да елеулі жағдайлар көзделуі тиіс. Шарттың өзінде немесе оған берілетін қосымшада қызметкерге сақтауға немесе пайдалануға берілетін мүліктің және басқа да құнды заттардың нақты тізіли көрсетілгені жөн. Сондай-ақ ұжымдық шарт не жұмыс берушінің актісі арқылы материалдық жауапкершілік туралы үлгілік шарттың тек қана нысаны ғана бекітілетінін атап өткен жөн. Қызметкерлермен жасалатын толық (дербес немесе ұжымдық) материалдық жауапкершілік туралы нақты шартқа қызметкердің өзі мен жұмыс беруші қол қоюға тиіс. Азаматтық-құқықтық болып табылатын мұндай шарттар біржола еңбек шарты жасалған кезде, сондай-ақ еңбек қызметі процесі барысында мұндай қажеттілік туындаған кезде жасалуы мүмкін.