Естуімше, әлемдегі барлық ежелгі салтанат қақпалары соғыстан оралғандарға арналып тұрғызылған. Білгім келетіні, Астанадағы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасының Қазақстанда орнатылуының мәні неде?
Алуа РАХМАНОВА, Семей қаласы
Сұраққа «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы жобасын әзірлеуші Cағындық Смайылұлы жауап береді:
Алғашқы салтанат қақпалары Ежелгі Римде пайда болған. Дұрыс айтасыз, ол қақпалар соғыстан оралған жеңімпаздарды елге салтанатпен кіргізу рәсіміне арнап салынды. Бірақ 18-19 ғасырларда дәстүр де, салтанат қақпаларын орнатудың мәнісі де өзгерді. Себебі бұрынғыдай емес, қан майдандар бітті. Мәселен, 1888 жылы Барселонада салтанат қақпасы осында өткен Дүниежүзілік көрменің құрметіне арнап салынды. Қазір мұндай қақпалар әлемнің әрбір елінде, тіпті бір елдің бірнеше жерінде бар. Яғни жаһандану үрдісі басталғалы мұндай қақпалар экономикалық жеңіске, үлкен халықаралық іс-шараларға, даталарға арналып соғыла бастады. Қазақстан Тәуелсіздігінің торқалы тойының құрметіне айшықты сәулет нысанын салу идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осы ретте «Мәңгілік ел» «Алла тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді. Қазақстан бүгінде дамыған елдермен терезесі тең, әлемдік қауымдастық таныған абыройлы мемлекет. «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы қазақ ұлтының болмысы мен тарихын, жас мемлекеттің аяққа тұруы мен дамуының алғашқы 20 жылда жеткен жетістігін әйгілеу үшін бой көтерді.
«Мәңгілік ел» қақпасының мәні неде?
Последние статьи автора