Магнитті дауылдар мен жер сілкінісі арасында байланыс бар ма?
Кейде Жер бетінде магнитті дауылдар болып жатады. Осы құбылысты кейбіреулер жер сілкінісімен байланыстырады, яғни магнитті дауыл болса, демек, зілзала да болуы мүмкін дегендей. Шынымен, осы екі құбылыс бір-бірімен байланысты ма?
Айнұр, Алматы қаласы
Астрофизиктердің түсіндіруінше, Күн жүйесіндегі жарқылдардың әсерінен болатын геомагнитті дауылдардың Жер бетіндегі сейсмикалық құбылыстарға қатысы жоқ. Дегенмен сейсмологтердің мәліметінше, жойқын жер сілкіністері боларда геофизикалық өрістердің түрлі параметрлері өзгеруі мүмкін. Соның салдарынан адамдар геомагнитті дауылға пара-пар құбылыстарды сезінеді. Айталық, қуатты зілзала алдында магнитті, электр, электромагнитті, гравитациялық толқындар құбылып, сезімтал адамдарда әлсіздік, бас ауруы белгілері байқалады.