КСРО сыйлығы «Біржан-Сараға» берілген
Бізде КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алған дарын иелерінің санаулы екенін білеміз. Және солардың ішінде көрнекті композитор М.Төлебаев та бар. Бұл сыйлық композиторға қандай еңбегі үшін берілді?
Ербол Несіпбай, Алматы облысы
Ұлттық өнер саласында М.Төлебаев – кәсіби қазақ музыкасын қалыптастырушы тұлға. Ол тудырған шығармалардың әрқайсысы зор құрметке лайық. Әйтсе де белгілі бір сыйлық автордың жалпы шығармашылығына емес, бір ғана нақты шығармасына беріледі. Ол КСРО-ның басты марапаты саналатын Мемлекеттік сыйлықты «Біржан-Сара» операсы үшін алды.
Бұл опера – қазақ өнерінің мақтанышы, ұлттық классикамыз. М.Төлебаев ол шығармасын 1946 жылы жазып бітірді. 1949 жылы операның қоюшы режиссері Құрманбек Жандарбековке, Біржан рөлін ойнаған Әнуарбек Үмбетбаев пен Байғали Досымжановқа, Сара образын жасаған Күләш Байсейітова мен Шабал Бейсековаға, суретші Анатолий Ненашевқа КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ал 1958 жылы қазақ өнерінің екінші онкүндігі барысында Мәскеуде «Біржан-Сара» операсы орындалғанда Роза Жаманова (Сара) мен Мұқан Төлебаевтың өзіне КСРО халық әртістері атағы берілді.