Кітап мұражайы қайда бар?
Алматыға жолым түссе, сондағы кітап мұражайында болғым келеді. Сол жайында аз-кем мағлұмат берсеңіздер.
Ұзақ Бектемірұлы, Ақтөбе қаласы
Алматы қаласындағы Республикалық кітап мұражайы 1978 жылы ашылған. Бұл – бұрынғы Кеңес Одағындағы Мәскеу мен Киевтен кейінгі үшінші, ал Азия аймағы бойынша алдыңғы қатардағы жалғыз кітап мұражайы. Мұнда 50 мыңнан астам кітап қоры сақтаулы. Мұражай қоры әр кезде толықтырылып отырады. Мұражайдың алты залында түрлі халықтардың баспа ісі мен жазу тарихына қатысты құнды заттар қойылған. Мұнда тек кітаптар ғана емес, сонымен қатар қазақ жерінде туған ғұламалардың еңбектері, түрлі-түсті тарихи суреттер, қару-жарақтар мен киіз үйдің әсем жабдықталған нұсқасы бар. Мұражайдың қорында аса сирек кездесетін кітаптармен қатар, көне қолжазбалар қоры да сақталған. Олардың көбі парсы, шағатай, араб, латын, кириллица әріптерімен жазылған. Мәселен, онда бір ғана қасиетті Құран кітабының 98 түрі сақтаулы. Қазіргі кезде бұл кітап мұражайында әртүрлі тақырыптарды қамтитын түрлі әдеби-танымдық кештер, белгілі қаламгерлердің оқырмандарымен кездесулері ұйымдастырылып келеді. Бай әдебиетіміздің интеллектуалдық қорының бірі саналатын кітап мұражайының қоры сондай-ақ ізденіс жолындағы ғалымдар үшін үлкен дерек көзі саналады. Мұражай Алматыдағы Қабанбай батыр көшесі, 94-үйде орналасқан.