Ит туралы қанша фильм бар?
Менің 12 жасар балам кішкене кезінен теледидардан ит туралы фильм бола қалса, көз алмай көреді. Қазір ол дүниежүзілік кинематографияда түсірілген ит туралы фильмдердегі қызықты деректерді жинап жүр. Менің білейін дегенім – әлем бойынша ит туралы қанша фильм түсірілген?
Фаузия Кәрімқызы, Шығыс Қазақстан облысы
Балаңыздың қызығушылығына мән беріп, оны қолдағаныңыз – өте құптарлық іс. Себебі адамға есейгенде бағыт болатыны – балалық арманы. Ал енді сұрағыңызға көшейік. Негізінен, әлемдік кинематографияда ит туралы фильмдер өте үлкен орын алады. Сондай-ақ әлемдік әдебиетте де ит тақырыбында қалам тербеген жазушылар жетерлік. Тіпті небір тұлғалар ит туралы нақыл сөздер жазып қалдырған. Мысалы, атақты қолбасшы Наполеонның өзі «Егер сіз итті жақсы көрмесеңіз, онда адалдықты да сүймегеніңіз; сіз өзіңізге адалдарды бағалай алмайсыз, демек, сіз өзіңіз де адал бола алмайсыз» деген екен.
Адам баласының қолына ең алғаш үйретіліп, әлімсақтан адамға адал дос болған хайуан, ит туралы әлемде шамамен 300-ге жуық фильм түсірілген екен. Мұндай фильмдердің басым көпшілігі АҚШ-қа тиесілі. АҚШ режиссерлерінің «101 далматинец», «Спот атты агент», «Венди және Люси», «Дос», «Досқа деген махаббат», «Хатико – ең адал дос» секілді фильмдері, «Лесси», «Бетховен», «Комиссар Рекс» телесериалдары иттің өз иесіне деген адалдығын насихаттайды. Сондай-ақ «Мухтардың оралуы», «Кел маған, Мухтар», «Багира, қайдасың?», «Дос», «Му-му», «Қолыңды соз, досым», «Төрт танкист және ит» секілді кеңестік фильмдер жас-кәрінің көңілінен шығып, әлі күнге экраннан түспей келеді. Ал өзіміздің қазақ режиссерлерінен тек Қанымбек Қасымбековтің «Саған күшік керек пе?» деген фильмі ғана еске түседі. Мүмкін, сіздің балаңыз есейгенде белгілі режиссер атанып, ит туралы қазақша фильм түсіріп қалар, кім білсін?