Осы индорхоккейдің немене хоккей екенін түсіне алмай-ақ қойдым. Көгалдағы хоккейден айырмашылығы бар ма, жоқ әлде, соның басқа тілде аталуы ма?
Темір ТЕРЛІКБАЕВ, Қарағанды облысы
Индорхоккей – көгалдағы хоккейдің бір түрі. Айырмашылығы, индорхоккей залда (төбесі жабық спорттық кешендерде) ойналады, ал көгалдағы хоккей ойындары ашық стадионда өткізіледі. Осыған орай, индорхоккей ойындары өтетін алаң сәл кішірек болады. Нақтырақ айтқанда, алаңның ауданы – 20х40 метр. Яғни қол добы алаңымен бірдей. Мұнда ойыншылар да аз. Әр командада бір қақпашы, бес ойыншы болады. Ал көгалдағы хоккейде футболдағыдай жасыл алаңға 11 ойыншы шығады. Индорхоккей матчтары 20 минуттық екі таймнан тұрады (тура футзалдағыдай). Ал қақпасы тура қол добындағыдай: биіктігі – 2 метр, ені – 3 метр. Көгалдағы хоккейдікі сәл үлкендеу: биіктігі – 2,14 метр, ені – 3,66 метр. Индорхоккей таяқшалары – көгалдағы хоккейдікіне ұқсас, имек таяқ, бірақ салмағы жеңілдеу. Допты әуелетіп (жоғары көтеріп) ұруға және шірене соғуға болмайды. Тек алаң үстімен қақпақылдап ойнау керек. Таяқшаны допқа тигізіп тұрып қозғалту керек. Сондай-ақ индорхоккей Олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілмеген.
Көгалдағы хоккейдің залда ойналатын бұл түрі 1972 жылы Германияда пайда болған.
Индорхоккей деген немене хоккей?
Последние статьи автора