Фотосуреттерде неге адамның көзі қызарып тұрады?
Түнде түсірілген фотосуреттерде адамдардың көздерінің қызыл болып тұратыны несі?
Диана БАЙКЕНОВА, Астана
Қызару – адам көзінің тор қабығының суретке түсіру сәтіндегі жарқ етумен шағылысуынан пайда болатын жағымсыз жайт. Көптеген жануарлар мен хайуандардың, мысалы, мысықтардың, иттердің, бұғылардың көздерінің тор қабығы tapetum lucidum деп аталатын ерекше шағылыс қабығымен көмкерілген, ол олардың көздерінің ішкі жағындағы айна сияқты. Егер олардың көзіне түнде жарық сәулесін бағыттаса, онда олардың көзі ақ болып жарқырайды. Ақ гуанин жануарлардың көздерінің тор қабығында немесе эпителиінде болады. Ал адамдардың көзінде мұндай қабат жоқ. Сондықтан адамның көзіне жарық бағыттаса, оның жанары жануардың көзі сияқты жарыққа шағылыспайды. Көздің тор қабығы қызыл болғандықтан, суретте қарашықтың орнына қызыл түс көрінеді. Қазір көптеген камераларда көздің қызылын көрсетпейтін режим бар. Көздің қызаруына жан-жақтан жарықтың тікелей түсуі де әсер етеді. Сондықтан көзді қысыңқырап түссе, көз қызармайды.