Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау барша мұсылмандарға парыз етілген. Дегенмен белгілі бір себептермен ораза ұстай алмайтындар фидия беру керек дейді.
Қанатбек СЕМБЕКҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру, яғни ауызашар беру, болмаса ораза тұтқан кейбір жандардың шығынын көтеру міндеттелген. Бұларға ауруларынан айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер де жатады. Олар Рамазан айында мүмкіндігінше жағдайы төмен адамдарға ауызашар берулері немесе ақшалай көмек берулері керек. Науқас адамдар мен кейбір қариялардың жоқ-жітікті тамақтандыруға шамалары келмесе Алладан кешірім тілейді. Дегенмен мұндай қарт адамдар мен жазылмайтын науқасқа да пітір-садақа уәжіп етілген. Өздері ораза ұстамаса да, фидия берген адамдарға Алланың рахымы түсіп, молынан сауап жазылады.