Ең қарт және ең жас Олимпиада чемпиондары
Олимпиада ойындары бастау алған сәттен бастап мыңдаған спортшыға мәңгі тозбайтын чемпиондық атақ бұйырды. Төрт жылдықтың басты додасынан жүлде бұйырғандар арасында қарттар да бар деп естідім. Сонда Олимпиаданың ең кәрі чемпионы кім? Ал ең жас Олимпиада жеңімпазының жасы нешеде екен?
Қайыржан ТУРИН, Қызылорда облысы
Спортта адам жасының маңызы зор. Бекзат Саттарханов 20 жасында Олимпиада чемпионы атанса, Майк Тайсон 20 жасында әлемді бағындырды. Румыниялық Аурелия Добре 14 жасында спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының алтынын мойнына тақты. Ал ресейлік талантты гимнасшы Ольга Капранова 22 жасында спорттық ғұмырын аяқтаған.
Олимпиада ойындарында алтын алған ең кәрі адамның есімі – Оскар Крамер Сван. Ол 1908 жылғы Олимпиада ойындарына қатысып, алғашқы алтын медалін алғанда 60 жаста болатын. Араға төрт жыл салып Швеция азаматы тағы да чемпиондық атаққа қол жеткізеді. 1912 жылғы Олимпиада ойындарына қатысқан кезде ол 64 жаста еді. Сол кездегі Олимпиада бағдарламасына енген «Жүгіріп жүрген бұғыны» ату сайысы бойынша Оскар бірінші орын алды. Оскар Крамер Олимпиада ойындарын жалпы есебі үш рет ұтып алды, тіпті үш дүркін Олимпиада чемпионы, өзінің туған ұлы Альфред Сванмен де қатар жарысқа түсе беретін болған. Бүгінде Оскар – Олимпиадада алтын медаль алған ақсақалдардың ішіндегі ең үлкені. Сақал қойған, үнемі шашын жайып жіберіп, қара қалпақ пен ұзын пальто киіп жарысқа түсетін қарт чемпионның алтынын бірінші кезіккен адамына бере салатын қасиеті де бар екен.
Ал Олимпиада ойындарында жүлде алған ең жас спортшы – америкалық Барбара Перл Джонс. 1952 жылы өткен Хельсинки Олимпиадасында ол командаластарымен бірге 400 метрлік эстафетада жеңімпаз атанды. Бұл кезде ол 15 жас 4 ай мерзімге толған еді. Бүгінге дейін Гиннесстің рекордтар кітабындағы ең жас Олимпиада чемпионы деген есім өзгерген жоқ. Мүмкін, алда келе жатқан Лондон Олимпиадасында бұл рекордтар жаңарып қалар...