Ең көп тараған есім – Мұхаммед
Халқымыз «балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деп жатады. Әлемде қандай есім ең көп тарағанын айтсаңыздар екен.
Сәбира Мақажанова, Жамбыл облысы
Бала – адамның бауыр еті. Қай ата-ана да өз шаңырағында шыр етіп сәби дүниеге келгенінде оған ерекше ықыласпен ардақты адамдардың атын қоюға тырысады. Сонымен бірге бала есімін беделді кісілерге қойғызуды да ұмытпаған. Қазіргі сәбилердің арасында Абай, Әбілқайыр, Кенесары Марғұлан, Қаныш, Мағжан, Ақжүніс секілді есімдердің кездесуі отандастарымыздың тарихи тұлғаларды тануға, олардың еңбектерін ұлықтауға деген көзқарасын аңғартады. Өкінішке қарай, мағынасы бұлыңғыр, әрі ұлтымызға тән емес адам аттары да көп. Бұл ата-аналардың немқұрайдылығын байқатады. Кісі есімін зерттеген ғалымдардың айтуынша, бүгінде әлемде ең көп тараған есім – Мұхаммед. Бұл – дүниежүзі тұрғындарының Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарға деген айрықша құрметінің белгісі. Мұсылман елдерін айтпағанда, өткен жылы Ұлыбританияның өзінде 5 991 сәби осы есімді иеленген. Одан кейінгі орындарда Ахмет, Махмұт, Жүсіп есімдері бар. Ал қыз балалар арасында Айша есімі кең тараған екен.