Екі ауысымда жұмыс атқаруға бола ма?
Біздің балабақша 10,5 сағаттық күн тәртібімен жұмыс істейді. Әр топта екі тәрбиешіден, яғни І кезек – 7:30 – 13:00, ІІ кезек – 12:30 – 18:00. Менің білгім келгені, бір тәрбиеші кезекті ақылы еңбек демалысына кеткен немесе ақысыз демалысқа кеткен, не болмаса ауырып қалған жағдайда, сол топтағы екінші тәрбиешінің екі кезекте, ертеңгі 7:30-дан кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істеуіне бола ма? Мұндай жағдайда тәрбиешіге жалақы қалай төленеді?
Майра ЫСҚАҚОВА, Қызылорда облысы
Еңбек және халықты Әлеуметтік қорғау саласының сарапшы маманының мағлұматына қарағанда, сіз көрсетіп отырған жағдайда тәрбиеші күніне 10 сағаттан артық жұмыс атқарады. Бұл ҚР еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келеді. Себебі ҚР Еңбек кодексінің 82-бабына сәйкес, апталық норма 24 сағат болғанда, жұмыс уақыты 5 сағаттан аспауға тиіс. Ал ҚР Еңбек кодексінің 89-бабына сәйкес, үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде – екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс. Яғни сіз көрсетіп отырған жағдайда, тәрбиеші үстеме жұмыстарды есепке алғанда, күніне 7 сағаттан артық жұмыс жасамауы тиіс.