Қазір теледидарларда тікелей эфирде өтетін бағдарламалар көп. Жалпы, «эфир» сөзінің мағынасы қандай?
Рауан Ұларбекұлы, Қостанай қаласы
Көптеген танымдық анықтамалықтарға сүйенсек, «эфир» сөзі грек тілінен аударғанда «ауаның жоғарғы қабаты» немесе «жоғарғы ауа» деген мағына береді. Бұл құбылыстың қазақ тіліндегі баламасы – «әуе толқыны».
Тікелей эфир – тележурналистикада уақыт дәлдігін сақтап, жедел хабар таратудың кәсіби әдісі, шығармашылық-техникалық сипаттағы соңғы технологиялық прогресс, аудиториямен қарым-қатынастың айрықша тәсілі, өзгеріске ұшырамайтын нақты құбылыс. Түптеп келгенде, алуан түрлі пішіндер мен жанрлық ерекшеліктерді қамтып, бір мезгілде атқарылатын бірнеше істің басын қосатын ұжымдық үйлесім мен жүргізушінің лингвистикалық және психологиялық белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде жүзеге асатын қызмет жүйесі.
Экран алдында сөйлейтін жүргізуші болғанымен, оның артында техникалық тетікті ретке келтіретін, эфирді әуенмен әрлеп, сөзбен көмкеретін, әрбір іс-қимылыңды қалт жібермей, дәлдікпен түсіретін студия операторлары, оператордың түсірген суретін эфирге шығарушы режиссер, дыбыс режиссері, телефон қоңырауын эфирге қосатын өзге де техникалық қызметкерлер бар.
Осы тұрғыдан келгенде, тікелей эфир – бір мезгілде атқарылатын бірнеше істің басын қосатын ұжымдық үйлесімнің нәтижесінде жүзеге асатын іс-әрекет.
«Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген халықтық нақыл уақытқа тәуелді құбылыс, тікелей эфирдегі жұмыс процесінің ең негізгі ережесі деуге әбден болады.
«Эфир» деген не?
Последние статьи автора