«Дерби» деген немене?
Бұқаралық ақпарат құралдарынан «дерби» деген сөзді жиі естимін. Жалпы, спорттық мағынада «дербиді» қалай түсінуге болады?
Алмат НАЗАРЫМБЕТОВ, Жезқазған қаласы
Халықаралық аренада бір елдің өкілдері өзара кездессе немесе ішкі біріншілікте бір аймақтың беткеұстарларының жолдары түйіссе, оны дерби деп атайды. Мұндай кезде ол, ойын болсын немесе жекпе-жек болсын, өте тартысты өтеді. Өйткені спортшылар немесе командалар сол қаланың болмаса елдің үздігі екенін өзара кездесуде талқыға салғанды жөн санайды. Мұндай дербилер әсіресе футболда үлкен белең алған. Мәселен, Испанияда «Реал» – «Атлетико», «Барселона» – «Эспаньол» ойындары, Италияда, «Интер» – «Милан», «Рома» – «Лацио» кездесулері, Англияда «Манчестер Юнайтед» – «Манчестер Сити», «Арсенал» – «Тотенхэм», «Ливерпуль» – «Эвертон» дербилері жанкүйерлердің алдында үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ Шотландияда «Глазго Рейнджерс» – «Селтик», Түркияда «Фенербахче» – «Галатасарай» ойындары да өте тартысты өтеді.