Дәлме-дәл уақытты Астана белгiлейдi, Самат жариялайды
Қазақ радиосында әр сағаттың басында уақытты хабарлап тұратын дауыс кiмдiкi? Жалпы, дәлме-дәл уақытты кiмдер белгiлейдi?
Ажар ТӘРБЕТҚЫЗЫ, Орал қаласы
Дүниежүзi бойынша дәлме-дәл уақытты белгiлейтiн арнайы халықаралық Жер айналысын қадағалау қызметi жұмыс жасайды. Ал бiздiң елiмiзде мемлекеттiк уақыт бiрлiгiнiң дәлме-дәл уақыт белгiлерiн елордада орналасқан Қазақстан метрология институты анықтайды. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi Техникалық реттеу және метрология комитетiнiң тапсырысы бойынша елорданың жаңа әкiмшiлiк орталығында Эталон орталығы ашылған болатын.
Қазақ радиосында әр сағаттың басында берiлетiн дәлме-дәл уақытты бұрын қаншама жылдар бойына Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi, Қазақ радиосының ардагерi, марқұм Омархан Қалмырзаев хабарлап келдi. Ал қазiр Қазақ радиосындағы дәлме-дәл уақытты хабарлайтын дауыстың иесi – жас диктор, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының түлегi Самат Қордабай.