Брекетті жас балаларға кигізуге бола ма?
Құрбым тістеріне «брекет» деп аталатын темір құрсау киіп жүреді. Мұндай құрсаулар тістерді түзетіп, әдемілейтін көрінеді. Менің сұрайын дегенім, брекетті ең алғаш кімдер ойлап тапты және оны жас балаларға кигізуге бола ма?
Маржан Тұрсынқызы, Алматы қаласы
Брекетті ең алғаш ағылшын ғалымдары ойлап тауыпты. Ол – металл немесе пластикалық пластинкадан жасалған, иілген жіңішке құрал. Брекет қисық біткен және арасы тым ашық тістердің тамырын қозғалтып, орнынан жылжытып, бір- қалыпқа келтіреді. Соның арқасында қисық тістер дәрігер көмегінсіз-ақ түзуленеді. Брекет дегеніміз – бір темірдің бойына тізілген он дана шағын ғана пластинка. Ондағы 10 темір үстіңгі, 10 темір астыңғы тіске орай кигізіледі. Оны тіске кигізгенде майда темірлерді тіске желімдеп, олардың ортасынан темір тартады. Осы темірлер адамның ауыз қуысында бір-екі жылға дейін жүреді. Осы уақыт аралығында тіс темірдің қыса тартуымен бір қатарға тізілуге тиіс. Брекетті жас балаларға кигізбейді. Ол тек 12-ден жоғары жастағы адамдарға, онда да ортадонт маманның кеңесімен ғана кигізіледі.