Бөкейханов қандай есім бүркенген?
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың көптеген бүркеншік есімдері болған дейді. Солар жайлы нақты мәлімет бере аласыздар ма?
Ерқанат Айболатов, Ақтау
Әлихан Бөкейханұлы «Дала уәллаятының газеті» мен «Түркістан уәллаятының газеті» сынды басылымдардан бастап, «Қазақ» газеті, тағы басқаларға көбіне «Қыр баласы» деген атпен саяси терең ой айтылған, сондай терең, ойлы мақалаларын беріп отырған. Сондай-ақ, алаш көсемі «Гүлбат», «Барон кадо», «Степной», «Туземец» деген лақап аттар қолданып отырған. Бөкейхановтанушы Сұлтанхан Аққұлұлы өзінің еңбегінде Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясының кітапханасынан (БРАН) табылған жаңалығы жайлы сүйінші сұрайды. Онда автор «Иртыш» газетінің №36 санында редактор Әлихан Бөкейхановтың екі мақала шығарып, соның біреуін «V» деген тағы бір бүркеншік есімімен жариялағанын айтады. Жеңісті білдіретін «V» деген латын әрпін Әлихан Бөкейхан өміріндегі ең ауыр деген – 1906-1910 жылдардағы столыпиндік реакция кезінде және 1922-1927 жылдардағы жаппай сталиндік қуғын-сүргіннің бастапқы кезеңінде жазған көптеген мақалалары мен жазбаларына қолданыпты.