Бойы өспесе, мырыш жетпейді деген сөз
Балам 6-сыныпта оқиды. Қатарластарынан бойы жағынан артта қалғаны байқалады. Соған қарап, баламның бойы өспей қала ма деп қауіптенемін. Бұл жөнінде дәрігерлер қандай кеңес берер екен?
Сәния МАЙҚАНОВА, Қызылорда облысы
Әлбетте, адам бойының өсуі алдымен тұқымға байланысты. Дегенмен ана құрсағында жатқан кезінен бастап, ер жеткенге дейінгі кезеңде баланың тамақтану рационы да оның жетілуіне әсер етеді. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сондықтан дәрігерлер бой өсуі тежеліп тұрған балаларға мырыш жетпеуі мүмкін дегенді айтады. Өйткені мырыш иммун жүйесінің қалыпты қызмет етуіне және бойдың өсуіне ықпал етеді. Ол нуклеин қышқылдары мен ақуыз синтезі үшін қажет. Сондай-ақ көміртек айналымына қатысатын көптеген маңызды ферменттің құрамына және инсулин гормонына кіреді.
Жеңіл сіңетін мырышқа бай өнімдер – мал мен құс еті, сыр, сүт, көкөністер. Қолжетімді мырыштың қайнар көздерін дәнді дақылдар, мұқият тартылған ұннан пісірілген нан немесе фитат және фенолға бай өзге де өсімдік өнімдерімен алмастыру мырыш тапшылығына әкеледі, сөйтіп оның бойдың өсуіне тигізетін кері әсерін күшейтеді.
Балаларға мырыш жетіспесе, бойдың өсуі мен жыныстық дамуын тежейді, сондай-ақ ағзаның инфекцияларға қарсы күресін әлсіретеді.