Бір үнемдегіш шам 100 келі көмір үнемдейді
Электр қуатын үнемдегіш шамның артықшылығы қандай? Бір мәжілісменнің оның түк пайдасы жоқтығын айтқанын естіп қалған едім.
Мәрия, павлодарлық зейнеткер
Күнделікті тұтыныстағы электр энергиясының 15 пайызы жарыққа кетеді. Егер электр үнемдегіш шамды қолдансаңыз, онда бұл көрсеткішті 6-7 пайызға шегеруге болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, тек спиральды бір шамды үнемді шамшыраққа ауыстыру арқылы еліміз жылына 100 келі көмір тұтынысының, яғни 270 келі зиянды көмірқышқыл газының ауаға бөлінісін шектеуге мүмкіндік алады. Сондықтан мемлекетіміз осындай шамның кең қолданысына басымдық беріп жатыр.
Сондай-ақ мұндай шамның қуат диапазоны 3-тен 90 Вт аралығын қамтиды. Демек, оның жарық беру қуаты қарапайымына қарағанда бес есеге көп. Егер бұрын 100 Вт-тық шамшырақ қолдансаңыз, онда электр үнемдегіш шамның 20 Вт-тығын тұтынғаныңыз дұрыс. Бұрынғысына қарағанда жаңа шам түрлі түс бөлетінін де ескергеніңіз жөн. Мәселен, лампочканың сыртқы қабында «2700 К» деп жазылса, ол – жылы ақ түс, «4200 К» – күндізгідей ашық жарық түс, «6400 К» суық ақ түс дегенді білдіреді.
Электр үнемдегіш шамның тек екі кемшілігі бар. Мұндай лампочканы қоршаған ортаға зияны тимейтіндей етіп залалсыздандыру керек. Осы мақсатта әлгі шамды өткізетін арнайы пункттер барын айта кетелік. Сол секілді бағасы қымбаттырақ, бірақ жоғарыда атап өткендей пайдасы да мол.