Бесінші балаға берілетін сүйінші пұл мөлшері қанша?
Бесінші бала дүниеге келгенде берілетін сүйінші пұл мөлшері қанша? Жұмыс істейтін анаға бала бір жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы қанша болады?
Айнагүл ЕЛЕМЕСОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар (бала тууына байланысты тағайындалатын біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы) Қазақстан Республикасының «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңымен реттеледі. Заңның 4-бабына сәйкес, туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:
Бала туғанда берілетін жәрдемақы:
1. Бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы – 30 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) (2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап АЕК-1731тг. құрайды), төртінші және одан кейінгі балаларға 50 АЕК.
2. Бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмайтын жағдайда (жұмыс істемейтін) бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы:
бірінші балаға – 5,5 АЕК
екінші балаға – 6,5 АЕК
үшінші балаға – 7,5 АЕК
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,5 АЕК.
Баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын жағдайда (жұмыс істейтін) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес тағайындалатын бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері бала туылған күнге дейінгі соңғы 24 айдағы қорға түскен әлеуметтік аударымдардың негізінде есептеліп (әлеуметтік аударымдарды төлеудегі үзілістерге қарамастан), орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.