«Бард» сөзінің мағынасы қандай?
Өнер әлемінде дарынды адамдарды шығармашылық сипатына қарай әртүрлі сипатқа бөліп қарастырып жатамыз. Мысалы, кешегі өткен Табылды Досымовты елі-жұрты бард ақын деп таныды. Осы тұрғыдан алғанда «бард» сөзінің қандай түсініктемесі бар?
Жансая МЕДЕТҚЫЗЫ, Ақмола облысы
Қазақы жөнге салсақ, «бард» сөзі жырау деген мағынаны береді. Ал жыраулық дәстүр халқымызға жат дүние емес. Бұл жөнінде көнедегі жыршы-термелердің кейінгі жалғасындай болған марқұм табылды Досымовтың өзі де айтып, жазып та кеткен. Ақынның өз сөзімен айтсақ: «Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алады. Кеңес Одағының тұсында жайлап орыстарға жеткен, содан бүкіл Одаққа тарады. Расында, бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий болатын. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Демек, мұнда әуен өлеңді халыққа жеткізетін көмекші құрал ғана. Бұл өнерге қазақ оқшау қарамауы керек деп ойлаймын. Ерекше бөліп айта кетерлігі, көше әндерін, авторлық әндерді орындаушылар өздері шығарған әнді мәтінімен айтады. Бұларды бардистер деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бермейді. Айырмашылық – осы. Жалпы, халыққа жеткізгісі келгенін әуенмен беру бізде бұрыннан бар деп айтуға болады. Сонау ғасырдан ғасыр асып жеткен жыраулық дәстүрімізде, өткеннен мұра болып қалған айтыс өнерінде де өрілген өрнекті сөзді әуенмен жеткізу бар. Сондықтан бард қазақтан алшақ ұғым деп айта алмаймыз. Айырмашылық – тек аспабында ғана. Қазақтар домбырамен, қобызбен сүйемелдесе, нағыз бардтық шығарма гитарамен айтылады. Кешегі жаугершілік заманда да халыққа, батырларға рух берген осы сынды әндер ғой. Ақын жүрегіндегі қаһармандық сөздерін осы арқылы жеткізді. Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің ешкімге де жаттығы жоқ. Ол бізге тән емес немесе басқа халықтікі деп бөліп қарасақ, ұтыламыз».