Менің алты балам бар. Күйеуімнің айлық жалақысына көп балалы ана ретінде маған төленетін жәрдемақыны және бала бір жасқа толғанға дейінгі берілетін ақшаны қоса есептеп, балаларға 18 жасқа дейін төленетін жәрдемақыны төлемей қойды. Сонда менің көп балалы ана үшін алатын жәрдемақым мен бір жасқа толмаған балама беріліп отырған жәрдемақы табыс болып есептеле ме?
Қарашаш МАХМЕТОВА, Қарағанды облысы
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері бір айлық есептік көрсеткішті немесе 1 618 теңгені құрайды.
Балаларға арналған жәрдемақы алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу ережесі бойынша отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың мынадай барлық түрлерi есепке алынады:
1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
2) кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн табыс;
3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
4) жеке қосалқы шаруашылықтан – мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;
5) өзге де табыс.
Осыған орай, аталған мәселе бойынша толық мәлімет алу үшін, сізге тұрғылықты жеріңіздегі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуыңызға болады.
Балаға берілетін жәрдемақы табыс болып есептеле ме?
Последние статьи автора