Ауырған балаға борсық майын ішкізуге бола ма?
Қыс мезгілі басталысымен балам жиі науқастанады. Суыққа қарсы қолданбаған еміміз қалмады десем де болады. Кейбір кісілер суық тиген балаға борсық, ит сынды жануарлардың майын ішкізу керек дегенді айтады. Осы дұрыс па? Оның бала денсаулығына кері әсері болмай ма?
Майра ЕСЕПБАЙҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Сіздің сұрағыңызға жауап беру үшін біз мамандармен хабарласқан едік. Олардың сөзіне қарағанда, емдік қасиеті бар екен деп балаларға ит, борсық, балықтың, тіпті құйрық пен қазының да майын беруге болмайды. Себебі баланың ағзасындағы әрбір мүше жетілу кезеңдерін өткеріп жатыр. Жоғарыда атап өткен майлар сол даму кезеңіне кедергі келтіреді, кішкентайлардың асқазан-ішек жолдарына зақым келтіреді. Өйткені ішек жолының шырышты қабаты әлі жетілмегендіктен, бала асқазанының майды қорытуға шамасы келмейді. Сондықтан мұндайда бала мазасызданып, іші өтіп, құсуы мүмкін. Сол себепті сары майдың өзін балаға бір шай қасықтан артық беруге болмайды.