Ат жарыстың жүлдесі жылдағыдан кем болмайды
Біз ат жаратып, тұлпар баптап жүрген жандар едік. Жыл сайын Ата заңымыздың құрметіне Алматы облысындағы «Көкбастау» атшабарында дүркіретіп тұрып, ат жарыстар өткізілуші еді. Алайда биыл сол дүбірдің даусы естілмей тұр. Сол бәйгелер биыл ұйымдастырыла ма, жоқ па, білмей отырмыз. Қалай болады, бәйге тігіле ме? Осы жөнінде мағлұмат бере аласыздар ма?
Қасымхан Мұқашұлы, Алматы облысы
Толық мағлұмат алу үшін Алматы облысы ат спорты қауымдастығының төрағасы Орынтай Өмірәлиевпен хабарласып төмендегідей жауап алдық:
– Алматы облысы әкімдігінің мұрындық болуымен биыл да ат жарысы өтеді. Бас жүлдеге тігілетін темір тұлпарлар мен бағалы сыйлықтар саны жылдағыдан аз болмайды. Өйткені біздің елімізде осындай ірі ат жарысы – санаулы-ақ. Сол себепті демеушілердің көмегімен жүлделер санын азайтпаймыз. Меніңше, атбегілер өзара хабарласып тұрулары керек еді. Сондықтан кейбір шалғайда жатқандары болмаса, «ел құлағы елу» дегендей, бәрі де хабардар. Барлығы аттарын жаратып жатыр. Бұл жердегі әңгіме тек жүлде жайында ғана шығар. «Экономикалық дағдарыстың салдарынан жүлде жылдағыдай емес, жұпыны бола ма?» деп ойлап жүргендер бар сияқты. Алайда дағдарысқа да қарамай, биылғы жарыс жылдағыдан өзгеше болмаса, кем болмайды. Аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс және аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлері сыны ұйымдастырылады, – деді Орынтай аға мүдірместен.