Асық ойынының түрлері
Асық ойынының түрлері тым көп екенін білемін. Десек те, халық арасында ең көп тараған қандай түрлері бар?
Файза Әміртаева, Астана қаласы
Асық ойындары негізінен екіге бөлінеді: далада ойнайтын түрлері және үй ішіндегі ойындар. Дала ойындарына негізінен асықты сақамен алыстан атып ойнайтын түрлері жатады. Жалпы, асық ойындары дегенде, негізінен, халық арасына көп тараған «шыр», «шеңбер», «үш табан», «бiр табан», «бес табан», «арқаласпақ», «әйзiк», «атпақыл», «шығу», «төрт асық», «омпы», «сасыр», «алшы», «қақпақыл», «бес асық» («бес тас»), «хан», «ханталапай», «қора», «құмар», «таған», «шiк-бүк», «иiрмекiл», «жемекiл» және т.б. түрлері есімізге түседі.
Негізі, асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Асық ойындары, негізінен, балаларды ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.